25-лекция

Тақырыбы: Пәннің мазмұнына байланысты жеке, топпен, сыныппен өткізілетін жұмыс түрлері, оларды өткізудің әдістемесі

Мақсаты:Сыныптан тыс ұйымдастырылатын оқу түрлері мен оны ұйымдастыру әдістемесін және ерекшеліктерін, маңызын меңгерту.

Жоспары:

1. Пәннің мазмұнына байланысты жеке өткізілетін жұмыс түрлері және оны ұйымдастыру әдістемесі.

2. Топпен, сыныппен өткізіліетін жұмыс түрлері және оларды ұйымдастыру әдістемесі

 

1. Пәннің мазмұнына байланысты жеке өткізілетін жұмыс түрлері және оны ұйымдастыру әдістемесі.

Қазіргі уақытта мектепте кластан тыс жұмыстар жеке-дара, топтық, көпшілік түрде ұйымдастырылады. Бұл ұйымдастырылу түрлері бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтыра түседі. Мұның негізі мұғалімнің басшылығымен оқушылардың білім деңгейі, олардың қызығушылықтары мен құмартуынан және таңдауынан туындайды. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс баланың жан-жақты дамуына, дұрыс тәрбиеленуіне көп әсерін тигізеді, экологиялық тәрбиенің қайнар көзі болып табылады.

Жеке-дара жүргізілетін жұмыс. Бұл белгілі бір белсенді оқушының инициативасымен жүзеге асады. Алдымен мұғалімнің арнайы тапсырмасы бойынша жапырақтар, бұтақтар, жемістер, тамырлар коллекциясын даярлау; үйде құстарды бақылау, жыл мезгілдеріне орай жапырақтардың түсінің өзгеруін бақылау; бүршік жару, судың қатуы; осыларға орай қосымша кітаптарды оқу тапсырмалары беріледі. Класы жоғарылаған сайын тапсырма оқушының қызығушылығынан туындайды. Тәжірибе жасау, табиғатқа өз бетінше бақылау жүргізу, бақылау күнделігімен жұмыс жасау, түрлі қосымша кітаптар оқып оқушылар алдында хабарлама жасау тағы сол сияқты болып келеді.

2. Топпен, сыныппен өткізіліетін жұмыс түрлері және оларды ұйымдастыру әдістемесі

Топпен жүргізілетін кластан тыс жұмыстар түрлі тақырыпта, түрлі бағытта ұйымдастырылған үйірмелер. Мысалы; «жас натуралистер», «жасыл сақшылар», «көгілдір сақшылар», «жас экологтар» т.с.с. тақырыптағы үйірмелер болады.

Үйірме өз еркімен жазылған  шектеулі санды 12-15 мүшелерден құралады. Үйірме сабақтары аптасына 1 рет немесе айына 2-3 рет өтіледі. Үйірме жұмысы нақты жоспарланған, әртүрлі экспери-менттер, практикалық және теориялық тапсырмалар, ғылыми әдебиеттермен жұмыс, тұрған қаласының, ауылының, өңірінің тарихы бойынша өлкетану жұмыстары, сол өңірдің табиғатын, өсімдіктерін, жануарларын зерттеу бағыттары бойынша жүргізілуі мүмкін. Оқушыларда бірте-бірте белгілі бір затқа немесе құбылысты тереңірек білгісі келетін қызығушылық, құмартушылық туындайды. Содан жекелей бағытқа ауыса бастайды. Мысалы; біреуі өсімдіктерді, біреуі жануарларды, енді бірін минералдарды зерттеу қызықтырады, кейбірі табиғи түрлі құбылыстардың сырын білгісі келеді, заттардың қасиеттерін зерттеуге бағытталады, ал баз біреуін бөлме өсімдіктері немесе табиғат бұрышындағы өсімдіктердің тіршіліктері қызық-тырады. Осындай бағытта жүргізілген зерттеу, зерделеу, бақылау жұмыстарының қызықты нәтижелері класс алдында немесе үйірме отырыстарында баяндалып отырады. Бұл іс-әрекеттер пәнді терең меңгеруге мүмкіндік береді, баяндама, мәлімдемелері басқа оқушылардың да сөзсіз құштарлығын арттырады.

Үйірме мүшелерінің басшылығымен түрлі орындарға экскур-сия жасалынады, көптеген материалдар жинақталады. Ол жинақталған материалдардан сабаққа қажетті көрнекіліктер даярлайды. Үйірме сағатында жасалынған тәжірибе-класс алдында сабақта да көрсетіліп  таныстырылады.

Кей жағдайда үйірме мүшелерінің өнертапқыштық қабілеттері туындайды. Үйірме жұмыстарының нәтижелері көрме, кеш, семинар түрінде жарияланады. Үйірме мүшелерінің жетекшілігімен үлкен іс-шаралар ұйымдастырылады айталық; «Құстар күні», «Гүлдер мерекесі». «Алтын күз», «Көк аспан», «Орман күні» т.б. Үйірме мүшелері мектеп маңындағы оқу-тәжірибе үлескесіндегі, геогра-фиялық алаңдағы, тірі табиғат бұрышындағы жұмыстарды ұйымдастырады, ондағы заттарды, жұмыстарды қадағалап отырады.

Көпшілікпен ұйымдастырылған кластан тыс жұмыстар: класты безендіру, белгілі бір тақырыпта сурет салу конкурсы, тақырыптық кештер, түрлі қойылымдарға даярлану, табиғатқа, мұражайға, жануарлар бағына, көрмеге экскурсияға бару. Мұндай шаралар барысында балаға эстетикалық, табиғатты қорғау, ұжымдық сияқты тәрбие беріледі. Сабақта алған білімдері, жауапкершілік қасиеттері толығады, өз бетінше жұмыс істеуге машықтанады. Мектеп маңын-дағы көктемгі, күзгі жұмыстар, кештерге, тапқырлық ойындарға қатысу жатады.

Кластан тыс жұмыстарды ұйымдастыру түрлі мынандай әдістерімен жүргізіледі: әңгіме, әңгімелесу, түрлі қызықты қосымша кітаптармен жұмыс, лабораториялық-практикалық жұмыс, бақылау, тәжірибе жүргізу т.с.с. әдістер жатады. Кластан тыс жұмыстар ұқыпты дайындықты қажет етеді.

Мектепте оқу пәндерінің материалдарын меңгерту үшін ұйымдастырыла

тын біртұтас жүйе оқу-тәрбие процесі деп аталынады. Жаратылыстану негіздері пәндері бойынша білім беру жүйесі оқу-тәрбие процестерінің біртұтастығына  негізделе мына принциптердің орындалуын қамтамасыз етеді;

  -негізгі оқу материалдарын меңгерту;

  -жеке сұрақтар төңірегінде білімді меңгерту және дамыту;

  -пәнге деген қызығушылығын ояту, заттарды және табиғат құбылыстарын танып білуге деген құштарлығын дамыту.

     Бастауыш мектепте оқыту және тәрбиелеу әртүрлі ұйымдастыру формаларында жүргізіледі. Оқытуды ұйымдастырудың формасы дегеніміз мұғалім мен оқушылардың оқу әрекетіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы ұйымдастырылған, белгілі тәртіппен өтілетін жұмыс. Оқу жұмысының әрбір формасы мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетінің сипатына, оқушылар құрамына, оларды сабақ кезінде ұйымдастыруға, сонымен бірге оқу уақытының режиміне байланысты. Қазіргі кезде дүниетану сабақтарының ұйымдастырылуы мына төмендегідей түрде жүргізіледі: класс сабағы, лабораториялық-практикалық сабақ, сабақтан тыс жұмыстар, үй жұмысы, кластан тыс жұмыстар, экскурсия.

Бақылау сұрақтары:

1.Оқушылармен жеке дара ұйымдастырылатын жұмыс түрі қандай?

2. Оқушылармен топпен жүргізілетін жұмыс түрі қандай?

3. Көпшілік жұмыс түрі?

4. Оларды ұйымдастыру технологиясы және маңызы қандай?

5. Мұғалімнің оларды ұйымдастыруы, және қойылатын талаптар?

Қажетті әдебиеттер:

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в  начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.

4. Жүнісова К., Аймағанбетова Қ., Олейник З.Ф. Дүниетануды оқыту әдістемесі.1-4 сынып. -Алматы: Атамұра, 1998.- 72 б.   

 

26-лекция

Тақырыбы: Бөлме өсімдіктері-тірі табиғат бұрышын және ондағы жұмыстарды ұйымдастыру

Мақсаты: Тірі табиғат бұрышын ұйымдастыру технологиясын және онда жүргізілетін жұмыс түрлерімен, маңызын меңгерту.

Жоспары

1.Тірі табиғат бұрышы туралы түсінік

2. Бөлме өсімдіктері-тірі табиғат бұрышын және ондағы жұмыстарды ұйымдастыру

1.Тірі табиғат бұрышы туралы түсінік

Тірі табиғат бұрышын ұйымдастыра отырып мұғалім оқушылардың білімін толықтырады, тереңдете, сондай-ақ практикалық машық пен дағды қалыптастырады. Ол жоғары класта оқығанда қажеттілігіне жарайды, ары қарай дамиды.

Тірі табиғат мүйісін ұйымдастыру үлкен материалдық тұрғыда қаражатқа байланысты. Жетіспеген жағдайда класс кабинетінде бөлме өсімдіктерінің түрлерін көбейту, аквариум, шағын террариум, құстар мен сүтқоректілердің ыңғайлы түрлерін ұстауға болады.

Класс кабинетінде аквариум, шағын террариум орналастыруға болады. Аквариумде тұрғылықты және аквариум балықтарының өкілдерін, су өсімдіктерінің түрлерін, моллюскалар ұстауға мүмкіндік бар. Шыны арқылы су ішіндегі тіршілік әлемімен танысу барысында кез келген ортада табиғат элементтері бір-бірімен тығыз байланысты екенін біледі. Балықтардың, былқылдақденелілердің қозғалысымен танысады. Террариумде қосмекенділер түрлерін, бауырымен жорғалаушылардың мінез-құлықтарын, қоректену, бейімделу ерекшеліктерін танып біледі, жыл мезгіліне орай өзгерістерін бақылайды. Аквариумдегі суды уақтылы ауыстырып тұру, балықтарды қоректендіру, қоректердің түрлерін таңдай білу, судың температурасын бақылау, өсімдіктердің, балықтардың жағдайын бақылап тұру сияқты жұмыстарды орындай отырып сауаттанады. Ауруға шалдыққанын дер кезінде байқап, емдік тәсілдерді қолдану сияқты жұмыстарды меңгереді. Аквариумде валлиснерия, бақа оты, су мүгі, қауырсын жапырақ, бұйра шылаң, мүйіз жапырақ, балық от, элодея сияқты су өсімдіктерінің түрлерімен, оларды өсіруді үйренеді. Балықтар түрі голец, табан балық, тұқы балық, қара балық, ақ қайран, уклейке және аквариум балықтарынан тіршілік жағдайын көп талғамайтындары барбустар, гуппалар, семсершілер, алтын балықтың түрлі тұқымдары-кометалар, шілте құйрықтар, телескоптар т.б.

Оқушылар аквариумды күткенде суды уақтылы ауыстырып, ол үшін су құбырының тұнған суын немесе жаңбыр суын пайдалануы; өсімдіктерді жиі-жиі сиретіп балыққа орынды көбірек қалдыруы; аквариумнен жемнің қалдығын және балықтардың зәрін тазартып отыруы; балықтарға белгілі уақытта дәл белгіленген мөлшерде жем беруі; судың температурасының күрт өзгеруіне жол бермей, оны қадағалап отыруы; өсімдіктердің күйін және балықтардың мінез-құлқын бақылап отыру керек (зауқының жоқтығы, селсоқтық, су бетінен ауаны қалтырап жұтуы аквариумдегі жағдайдың жағымсыз немесе балықтың ауру екенін көрсетеді т.с.с.). Аквариумдегі балықтар тіршілігін: шабақтардың бірте-бірте дамуын, температура мен коректенудің балықтардың өсуі мен дамуына әсерін, коректенуге байланысты шартты рефлекстің тууын (аквариумді ыдыспен тықылдату, шам жағу) және балықтардың ауа райын болжауын т.б. бақылауды ұйымдастаруға үлкен мүмкіндік береді.

Тірі табиғат мүйісі террариумында әр түрлі хайуанаттар: бақа, шөл, көл, бөген бақасы, жалды тритон, кәдімгі су жылан, дала тасбақасы, сергек және тірі туатын кесіретке ұстауға болады.

Қосмекенділер үшін террариумде шалшық және күн сәулесінен жасырынатын пана болуы керек. Бауырымен жорғалаушыларға террариум шалшықсыз жарай береді. Тритонға су ортасында аз уақыт тыныстайтын алаңы бар шағын аквариум болғаны дұрыс.

Егер тірі табиғат бұрышы жеке бөлмеде орналасса, ондай жағдайда құстар ұстауға болады. Бәрінен де шымшықтар, қараторғайлар, қызылбауыр шымшықтар, пайыз торғайлар жақсы көндігеді.

Тірі табиғат бұрышындағы әр тірі организмге жекелей талаптар орындалу керек. Ол талаптар арнайы кітаптарда жазылады, ең алдымен олармен мұқият танысып алу қажет.

Тірі табиғат бұрышын ұйымдастыру шарасын мектептегі биолог мұғалімдерімен бірлесе немесе кеңестер сұрап ұйымдастыруға болады.

2. Бөлме өсімдіктері-тірі табиғат бұрышын және ондағы жұмыстарды ұйымдастыру

Тірі табиғат мүйісін ұйымдастыру үлкен материалдық тұрғыда қаражатқа байланысты. Жетіспеген жағдайда класс кабинетінде бөлме өсімдіктерінің түрлерін көбейту, аквариум, шағын террариум, құстар мен сүтқоректілердің ыңғайлы түрлерін ұстауға болады.

Тірі табиғат бұрышын жасауға арнайы ауқымды орын болмаған жағдайда бөлме өсімдіктерін, жер шарының әр бұрышындағы өсімдіктер түрлерін өсіріп, оқушыларды сол өсімдіктердің ерекшеліктерімен, күту, оларды бақылау сияқты жұмыстарды ұйымдастыруға болады. Онда әр өсімдікте этикетка іліну керек, мұнда өсімдіктің аты, отаны, отырғызылған уақыты жазылады. Әр өсімдіктің жарыққа, ылғалға, температураға байланыстылығын, гүлдеу мерзімдерін бақылайды. Мұғалімнің жетекшілігімен қарапайым тәжірибе жүргізеді, нәтижесінде өсімдіктерді ғылыми түрде танып білу, зерттеу шарттары орындалады. Бұл білімдерін күнделікті тұрмыста да қолданады.

Бақылау сұрақтары:

1.Тірі табиғат бұрышын ұйымдастырудың маңызы неде?

2.Оның құрылымы қандай және қандай жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс?

3.  Тірі табиғат бұрышында қандай жұмыс түрлері орындалады?

4. Арнайы тапсырмалар түрлерін ата?

5. Тірі табиғат бұрышының түрлері және ұйымдастырылуы?

Қажетті әдебиеттер:

1. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

2. Бинас А.В., Шам Р.Д. Биологический эксперимент в школе. -М.: Просвещение, 1999.-52с.

3. Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра, 1999.-107б.

4. Минеева В.М. Внекласная работа по природоведению в начальных классах.-Минск: Нар.Асвета, 1980.-142с.